Kazmkpu logo

Антикоррупционный сайт КазГосЖенПУ

Мы против коррупции

Жедел байланыс қызметі

+7 (727) 233 18 53
+7 (727) 233 89 16

Хат жазу

Бүгін, яғни 17 наурыз күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті университеттің ғылыми педагогикалық қызметкерлері мен студенттерімен кездесу өткізді. Бұл жиынға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Алматы қаласы бойынша Тәртіптік Кеңес төрағасы - Бақтияр Камалов, Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту Мемлекеттік қорының жетекшісі Совет Сейітов арнайы қатысып, қоғамымызда белең алып бара жатқан жемқорлыққа жол бермеу туралы ақпарат берді.

Ресми кездесуде сөз алған университет ректоры Д. Нөкетаева: «Әрбір дамушы ел үшін сыбайлас жемқорлық өте қауіпті жағымсыз әлеуметтік көрініс болып табылады. Ол еліміздің, қоғамымыздың және жекелеген азаматтардың мүдделеріне көп зиян келтіреді. Ал, патриоттық сезімі жоғары адам ғана елін, жерін қорғай отырып, Отанының гүлденіп дамуы үшін бар күш жігерін арнайтын болады. Осы орайда, университетімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы және алдын алу мақсатында көптеген іс-шаралар өтіп тұрады. Біздің білім нәрін сеуіп, тәрбие берумен айналысып жүрген оқытушыларымыздың ең бірінші міндеті; жастардың бойына Отанға деген махаббат сезімін ұялатып, сонымен қатар өз ортасын құрмет тұту, табиғатты аялап, білімділік пен адалдыққа, рухани тазалыққа баулу болып табылады» деді.

Өз кезегінде Алматы қаласы бойынша Тәртіптік Кеңес төрағасы Бақтияр Камалұлы: «Біздің елімізде қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама жұмыс істеуде, оның негізі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар болып табылды, бірқатар бағдарламалық құжаттар іске асырылуда, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы функцияларды кешенді түрде іске асыратын арнайы уәкілетті орган құрылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық белсенді жүзеге асырылуда» деп, нақты-нақты мысалдар айта отырып, мазмұнды баяндама жасады. Ал, Оқу ісі жөніндегі проректор Ә. Тойбаев «Елбасы Жолдауын орындаудағы өзекті мәселелер» деген тақырыпта өз ойын ортаға салып, университеттегі оқу үдерісіне кеңінен тоқталып өтті.

Сондай-ақ, студенттер тақырып аясында көкейінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Қазақстан Республикасы 2015-2025 жж. арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясы аясында қарсы әрекет ету, алдын алу және болдырмау – еліміздегі маңызды мәселесі болып табылады. Сол себептен сыбайлас жемқорлыққа әркім мүмкіндігінше тосқауыл қойып, жастарды жарқын да, даңғыл жолға түсіру қажет. Сонда ғана ұлт үмітін ақтап, Қазақстанның «Мәңгілік ел» болуына қомақты үлес қоса аламыз. Жиынның тобықтай түйіні – осы болды.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 2 79 38 05