Kazmkpu logo

Антикоррупционный сайт КазГосЖенПУ

Мы против коррупции

Жедел байланыс қызметі

+7 (727) 233 18 53
+7 (727) 233 89 16

Хат жазу

27 қараша күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» ұлттық жоспарының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының негізгі бағыттарын түсіндіру аясында «Сыбайлас жемқорлық: студент жастардың көзқарасы» атты ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Бұл басқосуға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік Кеңес төрағасы Б. Камалов және білім ордасының басшылығы, ғылыми-педагогикалық қызметкерлер, магистранттар мен студенттер қатысты.

Конференцияны ашқан университеттің бірінші проректоры Б. Алиев: «Аты айтып тұрғандай, бұл шараның маңызы орасан зор. XXI ғасыр – ақпарат ғасыры. Көзі қарақты студент-жастар «сыбайлас жемқорлық» деген не екенін жақсы біледі. Оны құқықтық сауатын арттыру арқылы жетілдіре түсуіміз керек. Ол үшін айтулы кездесулерді өткізіп отыруымыз шарт. Сонда студент-жастар өнеге-үлгі алады, тәлімді тәрбиеленеді», – деді өз сөзінде.

Ал, оқу орнына арнайы келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік Кеңес төрағасы Бақтияр Қамалұлы: «Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Меритократия қағидаттарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу бойынша жүйелі жұмысты жолға қою аса маңызды мәселе. Сондай-ақ меритократия қағидаттарын қорғауда және аталмыш салада асыра пайдаланушылықты болдырмау жұмыстарын жүйелендіру кейінгі кездері қызу қолға алынуда. Осы құбылыспен күресу туралы 13-қадамда: «Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру» қажеттігі көрсетілген. Бұл ұйым жемқорлыққа жол беретін командалық ауыс-түйісті болдырмауға және қызметтік іс-әрекет жетістіктерінің «жадын» сақтап қалу үшін қажет деп ойлаймын» деп, мәні зор мазмұнды баяндама жасады.

Конференция барысында Қыздар университеті Ректор Аппаратының жетекшісі С. Айнақұлов «Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру мәселелері» атты тақырыпта, т.ғ.к, тарих кафедрасының аға оқытушысы Б. Жұбанышев «Сыбайлас жемқорлықтың тарихи аспектілері» деген тақырыпта өзекті мәселе қозғап, өз ойларын ортаға салды. Ал, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті Гүлназ Нүсіпхан «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – ортақ парызымыз» деген тақырыпта баяндама жасап, студент-жастарды жемқорлыққа жол бермеу үшін күресуге шақырды.

Конференция барысында студент-жастар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.

Сарабдал саясаткер Н.Ә. Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында жастарға: «Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! ... бұл көзінде нұры ойнаған, жүрегінде қаны тулаған, елі мен жерін сүйетін әрбір өршіл жастың діттеген мақсаты мен асқақ арманын жүзеге асыруына зор мүмкіндік екені даусыз», – деп үн қатқаны белгілі. Иә, жастар – біздің жарқын болашағымыз. Біз оларды бүгін даңғыл, сара жолға салсақ, ертең мемлекетімізді дамыту жолында аянбай еңбек ету жолында қызмет етеді. Бұл – конференцияның түйіні болды.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 279 38 05