Kazmkpu logo

Антикоррупционный сайт КазГосЖенПУ

Мы против коррупции

Жедел байланыс қызметі

+7 (727) 233 18 53
+7 (727) 233 89 16

Хат жазу

Бүгін 25 тамыз күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны болып өтті.

ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру мақсатында өткен жиынға Ректор аппараты, Тәрбие жұмысын ұйымдастыру бөлімі, «Жан нұры» психологиялық орталығы, Жастар саясатын дамыту бөлімінің өкілдері, факультет ұстаздары, эдвайзерлер мен оқу орынның 1 курс студенттері қатысты.

Қоғамымызда белең алып бара жатқан жемқорлыққа жол бермеу, пара алу, пара беру, ақшамен сессия жабу, оқуға түсірем деп өтірік айтып, алаяқтардың іс-әрекетіне ұрынып қалу жағдайлары дөңгелек үстелдің негізгі әңгіме арқауы болды.

Жиынға арнайы қатысқан оқу орын заңгері Мейірбек Ізбасар оқу орын тәртібі мен ережесі туралы, ҚР Қылмыстық Кодексімен, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңмен, жеке және заңды тұлғалардың өтініш-арыздарын қарау тәртібімен қысқаша таныстырып өтіп, студенттерге сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылық орын алған жағдайда қандай жауапқа тартылатындығы жөнінде баяндап берді. Сонымен қатар, ол университетте сыбайлас жемқорлық көріністері бар істерді қарау мақсатында құрылған тәртіптік комиссия жұмыс істейтіндігін хабардар етті. «Ректор аппаратының заң бөлімі барлық құрылымдық бөлімше басшылары, қызметкерлер мен білім алушылардың өтініштерін қарайды. Құқық бұзушылыққа байланысты барлық арыздарды жазбаша және электрондық хат түрінде, тіпті жасырын түрінде жібере аласыздар, не болмаса 124 кабинеттен кеңес ала аласыздар. Сыбайлас жемқорлық өте қауіпті жағымсыз әлеуметтік көрініс. Ол еліміздің, қоғамымыздың және жекелеген азаматтардың мүдделеріне көп зиян келтіреді. Еліміздің дамып, гүлденуі үшін, қазірден сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуіміз керек», деді М.Ізбасар. Оның айтуынша, университетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы және алдын алу мақсатында көптеген іс-шаралар ұдайы өтіп тұрады.

Жастар саясатын дамыту жөніндегі бөлімнің басшысы Маржан Ахтаева: «Құрметті 1 курс студенттері! Айта кетейік, оқу орнында сондай-ақ, студенттердің құқықтарын қорғаушы – cтуденттік омбудсмен жұмыс істейді. Бұл ұйым студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, университет студенттері арасында құқық бұзушылық фактілерінің алдын алу мақсатында құрылған. Сонымен қатар университетте «Жан нұры» атты үлкен психологиялық орталық бар, Тәрбие бөлімі жұмыс істейді. Қандай да бір мәселелер туындағында осы бөлімдерге барып кеңес алуларыңызға болады», деді.

2014-2015 жж. оқу жылында жемқорлықпен күресу стратегиясына орай Қыздар университетінде «Біз жемқорлыққа қарсымыз!» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында парамен күрес сауалнамалары, «Таза сессия!», «Жемқорлыққа жол жоқ!», «Парасыз сессия!» сынды түрлі акциялар өткізілді.

Қазіргі таңда университеттің оқу үдерісіне автоматтандырылған «Универ» жүйесі енгізілді. Бұл бағдарлама оқытушыларға да, студенттер мен ата-аналарға да өте тиімді. Студенттердің ата-аналары да, кураторлары да студент үлгерімін қажет уақытында біліп отырады, сабақ үлгерімін қадағалай алады. Электронды құжат айналымы біріншіден, студенттердің уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік берсе, екіншіден жемқорлықпен күресуге үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстан Республикасы 2015-2025 жж. арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясы аясында қарсы әрекет ету, алдын алу және болдырмау – еліміздегі маңызды мәселесі болып табылады. Сол себептен сыбайлас жемқорлыққа әркім мүмкіндігінше тосқауыл қойып, жастарды жарқын да, даңғыл жолға түсіру қажет. Сонда ғана ұлт үмітін ақтап, Қазақстанның «Мәңгілік ел» болуына қомақты үлес қоса аламыз. Жиынның тобықтай түйіні – осы болды.

Жиын соңында студенттер тақырып аясында көкейінде жүрген сауалдарын қойып, арнайы бейне роликтерді тамашалады.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8(727) 2 79 38 05